Қандас мәртебесін алуға немесе ұзарту бойынша өтінішті этникалық қазақтар жергілікті атқарушы органдарға, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» және Қазақстанның шет елдердегі мекемелеріне бере алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы берілетін өңірлер:
Ақмола облысы;
Атырау облысы;
Шығыс Қазақстан облысы;
Батыс Қазақстан облысы;
Қостанай облысы;
Павлодар облысы;
Солтүстік Қазақстан облысы.
Сонымен қатар, қандас мәртебесін алған этникалық қазаққа мынадай қызметтер көрсетіледі:
– ел аумағына кіру кезінде көлік құралдарын қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүлікке кедендік төлемдерді төлеуден босату;
– қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегін бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерімен қамтамасыз ету;
– техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін оқу ұйымдарына оқуға түсуге квота шеңберінде білім алу (Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін квота 4% мөлшерінде белгіленген);
– Қазақстан азаматтарымен тең жағдайда жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтамасыз ету;
– мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға өтініш беру мүмкіндігі.
Бұл ретте өңірлік квотаға енгізілген қандастарға көшуге (отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК-тен (214 410 теңге) біржолғы төлем) және 12 ай ішінде жалдау шығыстарын жабуға және коммуналдық қызметтерді төлеуге (отбасына 15-тен 30 АЕК-ке (45 945-91 890 теңге) дейінгі мөлшерде) субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді.
Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 9 077 этникалық қазақ Қазақстанға оралып, қандас мәртебесін алды. Ал, 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 млн 96,9 мың этникалық қазақ оралды.
Мақалалар