русский
  • Басты бет
  • Біз туралы
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
  • Құқықтық көмек
  • Ережелер
  • Архив

Ердоғанның Астана сапары: Түркия-Қазақстан дипломатиясының жаңа дәуірі

12.10.2022

88

Ресей басқыншылығынан кейін сыртқы саясатта белсенділігі күшейген Түркияның соңғы жылдары Орталық Азиядағы ықпалы да арта түскен. Түрік-қазақ дипломатиялық байланысының 30 жылдық процесінде екі ел басшыларының кездесулері де жиіледі. Бүгін Астанадағы мемлекеттік сапарын бастаған Режеп Тайып Ердоған Қазақстан президенті Тоқаевпен бірге түркі әлемі саясатын талқыламақ. Мұнымен қатар, қос саясаткер Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің төртінші отырысына және Азиядағы ынтымақтастық, сенім шаралары кеңесінің алтыншы саммитіне қатысады.

Сапардың алғашқы күнін Ердоған мен Тоқаев Транскаспий дәлізін дамыту мәселелерін талқылаудан бастады. Саясаткерлердің екіжақты, транзит тасымалдауын дамыту және Ресейді айналып өтетін Транскаспий көлік бағытын тілге тиек етуі мұның екі ел үшін маңызды қадам екенін білдірсе керек. Шағын құрамда өткен кездесуде: «Екіжақты сауда-саттық әлеуетін арттыру жолында транзиттік тасымал бағыты маңызды рөл атқарады. Біз тасымал шығынын азайтып, жеткізу мерзімін қысқарту үшін Транскаспий дәлізін дамытуға шақырамыз. Бұл мәселе бойынша біз бүгін пікір алмастық. Көзқарасымыз бірдей», – деп мәлімдеген Тоқаев халықаралық көлік дәлізінің маңызын жоғары бағалады.

Аталған жоба магистральдік инфрақұрылым иелерін және сегіз мемлекет тасымалдаушыларын біріктіріп қана қоймай, Қазақстанды Ресей ықпалынан алшақтатады. Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, Польша, Румыния, Украина тарапынан жүзеге асырылатын жоба нәтижесінде транзиттік тасымалдар көлемінің жыл сайынғы өсімі артқан.

Сауда және қорғаныс саласындағы басымдықтар

Мамырда Тоқаевтың Анкара сапарын шетелдік басылымдар түркі әлеміндегі маңызды кездесу ретінде бағалаған. Ердоғанның астана сапары да қос мемлекеттің сауда және экономикалық байланысын жаңа деңгейге шығармақ. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 33%-ға өсіп, 4,1 млрд доллардан асқан. Түркияға шығарылған экспорт көлемі 39%-ға өскен. Ал импортталған түркиялық тауарлар көлемі 20,5%-ға артып, 1,1 млрд долларға жетті. Түрік кәсіпкерлері Қазақстанда жалпы құны 5,5 млрд болатын инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатыр.

Түркия мен Қазақстан – түрік әлемі интеграциясы көшін бастап тұрған екі маңызды ел. Түрік Кеңесінің алғашқы саммиті «Сауда-экономикалық ынтымақтастық» деген тақырыппен 2011 жылдың 20-21 қазан күндері Алматыда өткен болатын. Саммитке Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан және Қырғызстан елдерінің лидерлері қатысқан. 2021 жылғы Түрік Кеңесінің соңғы және Түркі Мемлекеттері Ұйымының алғашқы саммитінде де ұйым секретариаты ғимаратының тұсауы кесілді.

Түркиядағы қандастар

Биыл бауырлас екі елдің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 30 жыл, ал қазақтардың Түркиядағы көшіне 70 жыл толып отыр. Сондықтан да Түркия-Қазақстан байланысында атаулы даталармен қатар маңызды келіссөздер саны артты.

1930 жылдары басталған көште мыңдаған қазақ Гималай тауларын асып, Үндістанға, одан әрі Пәкістанға жеткен. 1952 жылғы 13 наурызда Түркия премьер-министрі Аднан Мендерестің төрағалығымен өткен Министрлер кеңесінде арнайы қаулыға қол қойылып, нәтижесінде қандастарымыз Түркияға қабылданды. Түрік үкіметі оларға азаматтық беріп, барлық қажеттіліктерін қамтамасыз етті. Былтыр Түркі мемлекеттер ұйымының Ыстанбұлда өткен саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев Аднан Мендересті еске алып, Түркияға алғыс білдірген болатын. Биыл Алматы мен Түркістандағы екі көшеге Мендерестің аты берілді.

Орталық Азиядағы үстемдік

Кеңес Одағы тарағаннан кейін Орталық Азия елдерімен әріптестігі нығая түскен Түркия соңғы жылдары саяси сахнадағы имиджін оң бағытта қалыптастыра бастады. Таулы Қарабақ қақтығысында ұпай қосқан Анкараның биыл Украинадағы Ресей басқыншылығынан кейін де Орталық Азиядағы үстемдігі бұрынғыдан артқаны анық.

Дәл қазір Ресейдің агрессиялық саясатынан аулақ болуға ұмтылған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанның бұл қадамын Анкара тиімді пайдалана бастады. Бұл да өз кезегінде аталған дамушы мемлекеттердің державалармен сыртқы саясаттағы байланысын қайтадан жоспарлауға септігін тигізіп отыр.

Таяуда Ердоған-Тоқаев-Мирзиёев үштігінің басқосуларын сарапшылар «дипломатияның жаңа дәуірі» деп бағалаған. Тараптар бірнеше стратегиялық мәлімдемелерге қол қойып, «Жаңа Азия» жобасының маңызын арттыра түсті. Қазақстан мен Түркия екі елдің достық қарым-қатынастарының дамуының негізіндегі осы жолғы кездесулерде екі тарап бірқатар маңызды келісім шарттарға қол қойып, өркендеудің жаңа бағытына түскенін айқын көрсетті.

 

«Арман» АКО

‹›
ДсСсСрБсЖмСбЖс
Мақалалар
барлығы
  • Бейімдеу орталығы керек

    19.04.2022

  • Тәуелсіздіктің қандастарға тартуы

    28.12.2018

    Елбасымыздың шақыруымен 2018 жылға дейін Ұлы дала еліне шетелден 1 миллионнан астам этникалық қазақтар, қанымыз бір қандастар елге табан тіреп үлгірген.

  • БЕС ТИЫН

    11.12.2018

    Назарларыңызға О. Бөкейдің тамаша туындысын ұсынамыз!

  • АТА САЛТТЫҢ ДҮБІРІ – АТА ЗАҢНЫҢ ТҮБІРІ

    21.09.2018

    АТА САЛТТЫҢ ДҮБІРІ – АТА ЗАҢНЫҢ ТҮБІРІ


Сыртқы жаңалықтар
барлығы
  • Монғолияда халық азаматтық құқықтары үшін шеруге шықты

    28.12.2018

Жаңалықтарға жазылу

Яндекс.Метрика
    • Біз туралы
    • Жаңалықтар
    • Мақалалар
    • Құқықтық көмек
    • Ережелер
© 2016 Арман - Барлық құқықтар қорғалған.